Ғабиден Мұстафин (29 қараша 1902 жыл, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жауыр тауы – 20 қантар 1985 жыл, Алматы) — қазақ жазушы, Қазақстанның халық жазушысы (1984), қоғам қайраткері.
Арғын тайпасы Қуандық руы Мұрат бөлімінен шыққан[1]. Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 14 жасында Спасскі зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқиды. Сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты. 1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды.