Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлаг әл-Фараби ат-түрки[870-Отырар (Фараб), 950 – Дамаск (Сирия)] – ұлы ойшыл, әмбебап энциклопедист ғалым, екінші Аристотель атанған Отырар перзенті.Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки [870-Отырар (Фараб), 950 – Дамаск (Сирия)]. Ұлы ойшыл, әмбебап энциклопедист ғалым екінші Аристотель атанған Отырар перзенті Әбу Насыр әл-Фарабиді кейбір зерттеушілер Отырар маңындағы Кедерде туылған десе, бағзы біреулері Сырдарияның арғы бетіндегі Оқсызда (Уасиджде) дүниеге келген деп жазады.
Орта ғасырлық араб тарихшылары Фараб (Отырар) Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында екенін айтады. Ол шындығында да солай. Әбу Насыр алғашқы білімді өз отаны Отырарда алған. Сонан соң ілім қуып жол жөнекей Шаш (Ташкент) және Самарқан мен Бұхараға да аялдаған. Иранның Рей (Теһран), Исфаһан, Хамадан іспетті шаһарларына кідіріс жасап, ілім алуға ынтыққан. Сонан соң Бағдадқа келген. Ол кездері Әбу Насыр араб тілін білмейтін. Ол тілді араб жұртында ғұмыр кешкен жылдары оқып үйренген. Бағдад сол тұстары Таяу және Орта Шығыс, яғни мұсылман жұртындағы ірі ғылыми, мәдени, руханият орталығы еді.Бағдадта ол түрлі ғылым салаларын игеруге тырысты. Өз заманының озық ойлы даналарынан білім алды. Христиан текті Әбу Бакір Маттадан грек тілін, Йуханна ибн Хайланнан медицина бойынша да тағлым алды. Философия, логиканы үйренді. Аристотельдің шығармаларын зейініне тоқыды. Сондай-ақ ол математика, логика, медицина, музыка, астрономия және өзге де ғылым салаларына мейлінше үңілді. Филологияның түрлі салалары, сондай-ақ бірнеше тілдерді шұқшия оқуды да ұмыт қалдырмады. Ол араб тілінен басқа парсы, грек, көне сирия тілдерін терең үйренуге тырысты. Соның арасында бірте-бірте көне грек оқымыстыларының шығармаларын меңгерді. Кейбір деректер бойынша ол Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін жүз рет, «Табиғи гармониясын» қырық, «Риторикасын» екі жүз рет оқыған».Ол Дамаскының солтүстіндегі Халаб (Алеппо) қаласына да барды. Ол кездері онда сұлтан Сайф ад-Даула әл-Хамдани (916-967) тұратын. Оның сарайында әдебиетшілер, ғалымдар мен ақындар, тарихшылар яғни түрлі ғылым салаларының өкілдері күн кешіп жатқан-ды. Араб әдебиетінің классигі Ахмед әл-Мұтанабби (915-965) де сонда біраз жылдарын өткізген.Әбу Насыр әл-Фараби Египет астанасы Каирде де болған делінеді. Онда ол өзінің атақты «Китаб ара аһл әл-мадинату-л фадиланы» – «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты шығармасын тарауларға бөліп, толықтырған.Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі жайлы хатқа түскен жазба деректер көп емес. Оның себебі ұлы ойшылдың өзін түрлі патшалар мен түрлі билеушілер сарайларынан аулақ ұстап, жеке дара саяқ өмір сүруінде, сондықтан да ол жайлы мәліметтерде ақиқаттан гөрі, аңыз басымдау деуге болады.1975 жылы Алматыда тұңғыш рет Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер календарына кіргізіліп, үлкен салтанатпен аталып өтті. Оның алдында 60-жылдардың соңында Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институты жанынан ашылған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы Отырар ойшылының араб, ағылшын, неміс, француз, чех және т.б. тілдердегі бірқатар шығармаларын дүние жүзінің түкпір-түкпірінен жинап, Алматыда қазақ, орыс тілдеріне аударып жариялады.Әбу Насыр әл-Фарабиді әлемдік, Кеңес және Орта Азия мен Қазақстан ғалымдары М. Штейншнейдер, Г.З утер, Ф. Дитерици, А. Решер, Б. Ғафуров, С. Григорян, А. Сағадеев, Ю. Завадовский, Ә. Марғұлан, А. Машанов, О. Жәутіков, А. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, Ә. Дербісәлиев, А. Көбесов, М. Бурабаев, Қ. Жарықбаев, М. Хайруллаев, Ғ. Құрманғалиева К. Тәжікова және т.б. зерттеді. Олар кезінде жекеленген монографиялар, мақалалар жазды.Дәуір данышпанының еңбектерін зерттеу елімізде де 70-жылдардан бастап қолға алынды, қарқынды жүрді. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғала бастады. Содан бері де біраз жыл өтті. Еліміз егемен болған соң бұл игілікті іске әсіресе кең жол ашылды. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде ұлы баба шығармашылығын зерттейтін ғылыми орталық құрылды. Олар бірнеше халықаралық және республикалық тағылыми теориялық және практикалық конференциялар өткізді. Мен де бұл істің басы-қасында болып келемін. 2020 жылы Әбу Насырдың туғанына 1150 жыл толуына байланысты оны биік деңгейде өткізу туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары тиісті мекемелерге ұсыныс жасады. Соған байланысты Сыртқы істер министрлігі Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдап, әуелі Әбу Насырдың дәл туған жылын, туған жерін және ата-тегін анықтау мәселесін тапсырды. Мәдениет мекемесіндегілер оларды анықтауды Білім және ғылым министрлігіне тапсырды. Ол ұлы ғалым атын алып отырған жоғары оқу орнына және Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарына жүктелді.Сонымен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының атынан мен де осы мәселені зерделеуге кірістім.Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді жаһан ғалымдары (АҚШ, Еуропа, Азия, Африка) күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Әуелі мен Әбу Насыр өз шығармаларын туындатқан араб тіліндегі дерек көздерге үңілдім.
Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі жайлы араб тілді дереккөздер. Ортағасырлық шежіреші, тарихшы ғалымдардан:
– Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-Қифти (1172-1248) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби»;
– Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлаг (Ұзлақ, Ұзақ – түркі есімі, араб қаламгерлері және Еуропа ғалымдары да оны бұрмалап жазуы мүмкін – Ә.Д.) бин Тархан»;
– Ибн Халликан (1211-1282) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузалаг» (Узлағ, яки Ұзақ болуы мүмкін)» деп көрсетсе,
– Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты 1500 беттен тұратын еңбегінде ғалымның аты-жөні: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби» деп жазылған.
Ал замандасымыз осы күнгі араб жұртының ғалымы Фаруқ Саъд Әбу Насырдың өмірі мен шығармашылығына арналған монографиясында оны «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткен. Ал өзге ел оқымыстылары ше?
Иран.Ирандық ғалымдар «ат-түрки – түркілік» деген сөзді әдетте жазбайды. Өйткені олар Әбу Насыр әл-Фарабиді парсы текті санайды.
Дін қызметінде жүргенде бірде Теһранда өткен халықаралық конференцияға бардым. Арасында әдеттегідей Иранның ұлттық кітапханасында болдым. Кітапхана директоры Иран президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі де екен. Әңгіме арасында Әбу Насыр әл-Фарабиді қазақ жерінің перзенті деп қалып ем, ол:
– «Әл-Фараби Иран ғалымы» деді. Кітапхананың үлкен залдарының бірі де Әбу Насыр әл-Фараби атымен аталады екен.
Мен Әбу Насырдың қазақ жерінің перзенті екенін дәлелдеуге тырысып едім, ол бастырмалатып көнбеді.
– Отырар перзентін Иран ғалымы дейтіндей сіздің қандай уәжіңіз бар дедім.
– «Әбу Насыр Орта Азияны саманилер билеген кезде өмір сүрген, саманилер парсылар еді» – деді ол.
Қазақ жерінің оңтүстігі саманидтердің билігінде бар-жоғы жүзден астам жыл ғана болды. Оның өзінде олар тек билік басында ғана тұрды. Ал жергілікті халық түркі тектілер еді дедім мен өз уәжімді айтып. Ортағасырлық араб ғалымдары да Әбу Насыр әл-Фарабиді Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құяр сағасындағы Отырар шаһарында туған деген. Отырар кейіннен Фараб аталды. Әбу Насырдың өмірбаяны жайлы ортағасырлық шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) біраз дерек қалдырған. Оның еңбегі сіздердің кітапханаларыңызда болса керек. Директор-кеңесші мырза көмекшісіне кітапханадан Ибн Халликанның «Китаб уафийат әл-ағйан уа анба абна аз-заман» – «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап» атты еңбегін алдыртты. Қосылып оқыдық. Онда Әбу Насыр Иранда туған деген сөз жоқ еді. Ибн Халликан: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузлаг [Ұзақ] «ал-Фараби, түрік [текті], көрнекті ойшыл (ал-хаким)…» десе, тағы бір жерінде «Әбу Насыр түркі [текті] еді, ол «өз елінде туып, өз елінде өсті… Ол түркі тілін және өзге де тілдерді білді, бірақ араб тілін емес. Араб тілін оқуды бастаған ол, оны кемеліне жеткенше игерді, сонан соң ғана ойшылдық ғылымдар (улум ал-хикма) жайымен, яғни (философиямен – Ә.Д.) айналысты» деп жазылған. Сөзден ұтылған директор-кеңесші үнсіз қалды [1, 153-157б.].