Торайғыров Сұлтанмахмұт

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров (28 қазан 1893, қазіргі Қызылту ауданы, Көкшетау облысы – 21 мамыр 1920Баянауыл ауданыПавлодар облысы) – ақын, ағартушы.

Сұлтанмахмұтқа арналған кесене

Арғын тайпасының Сүйіндік руының Айдабол бөлімінен шыққан. Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, *1912 – 13 жылдар аралығында “Оқып жүрген жастарға”,
“Тәліптерге”(“Шәкірттерге”),
“Ендігі беталыс”,
“Оқудағы мақсат не?”,
“Анау-мынау”,
“Мағынасыз мешіт”,
“Жарлау”,
“Досыма хат”,
“Шығамын тірі болсам адам болып”,
“Түсімде”,
“Жазғы қайғы”,
“Қымыз”,
“Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет етті. 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен “Ләнет бұлты шатырлап”,
“Алтыаяқ” сияқты өлеңдер жазған.
“Ендігі беталыс”,
“Тұрмысқа”,
“Бір адамға”,
“Туған еліме”,
“Сымбатты сұлуға”,
“Қыз сүю”,
“Гүләйім”,
“Өмірімнің уәдесі”,
“Жан қалқам”,
“Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан.

1916 жылдың күзіне дейін әуелі Катонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді. 1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып, “Шал мен қызға”,
“А, дүние”,
“Жас жүрек”,
“Сарыарқаның жаңбыры”,
“Адасқан өмір”,
“Кедей”,
“Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.

Найдено 2 книг
Жақсылық көрсем өзімнен
2022
Сұлтанмахмұт Торайғыров — XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік...
Қамар сұлу
2002
Қазақтың аса көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бұл жинағына әр кезеңдегі баспа...
Книг на странице: