Марк Твен (ағылш. Mark Twain, шын аты Сэмюэл Лэнгхорн Клеменс (ағылш. Samuel Langhorne Clemens); 30 қараша 1835 жыл, Флорида, Миссури, АҚШ — 21 сәуір 1910 жыл, Реддинг, Коннектикут, АҚШ) — америкалық жазушы, журналист, көсемсөзші. Көркем әдебиет, тарихи көркем әдебиет, балалар әдебиеті, сатира, эссе, философиялық әдебиет, әдебиеттану жанрларында шығармаларын жазған. Гуманист және демократ.Сэмюэл Клеменс 1835 ж. 30 қарашада Флорида қаласында (Миссури штаты, АҚШ) дүниеге келген. Балалық шағы Ханибал қалашығында (Миссисипи) өткен. 1853 – 1857 жылдары ел аралап, түрлі қызметтер атқарған. 1865 жылы жарық көрген “Калаверасадан келген әйгілі секіргіш бақа” атты әңгімесі оны көпке танымал етті. 1867 жылы Еуропада, одан соң Палестинада болды.
Осы сапарлар турасында жазылған “Ақкөңілдер шетелде” (1869), “Шыныққандар” (1872) атты еңбектерінде ескі мен жаңаны салыстыра келе, өмірдегі күйкі құбылыстарды сықақ етеді. Ч.Д. Уорнермен бірге жазған “Алтынға малынған ғасыр” (1873) атты романында АҚШ-тағы Азамат соғысынан кейінгі адамзаттың азғындауы, қоғамдағы алдау-арбау, адами болмыстың арзандауы туралы шынайы жазды. Өмірбаяндық “Том Сойердің таңғажайып істері” (1876), “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары” (1884) атты еңбектерінде бақытсыз балалық шақ, пайдасы аз шіркеулік оқулар мен бай адамдар психологиясы өткір мысқылмен бейнеленген, Американың өткені мен бүгінгі өмірі жан-жақты суреттелген. “Ханзада мен қайыршы” (1882), “Ашықауыз Вилсон” (1894), “Жанна Д’Арк туралы жеке естеліктер” (1896), “Менің сыншыларым – миссионерлерге” (1901), “Патшаның монологы” (1905), “Бейтаныс адам” (1916), т.б. туындылары дүние жүзі халықтары тілдеріне аударылған. Твеннің “Том Сойердің таңғажайып істері” (1939, 1949, 1951, 1965), “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары” (1949, 1967), т.б. шығармалары қазақ тілінде жарық көрген.