Елшібеков Жанат Орынбайұлы (1947 жыл 10 мамыр Алматы облысы Қаратал ауданы Қызылбалық ауылы) — жазушы, журналист.
Жанат Елшібек Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте лауреаты. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. Оннан астам публицистикалық, танымдық-деректі, көркем-әдеби кітаптарының иесі. “Қош бол, теңіз...” повесі республикалық “Жалын” баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алған. “Білім және еңбек” (“Зерде”) журналының лауреаты (1978).
Қараталдың бойында, Балқаш көлінің жағасында туып-өскендіктен болар, оның бүкіл шығармаларының алтын тіні – теңіз тынысы, балықшылар өмірі. Сондай-ақ, Жанат Елшібек қазақ баспасөзінде танымдық туындылар жанрының көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан қаламгер. Республикада шығатын газет-журналдар мен түрлі басылымдарда жарияланған оның танымдық дүниелерінің ұзын саны екі мыңнан асады. Ол Қазақстандағы тұңғыш алып сөзжұмбақ (“Білім және еңбек” журналы, №8, 1984 ж.) пен ең алғашқы алып сканвордтың (“Егемен Қазақстан” газеті, маусым, 2000 ж.) авторы.
Өнер өкілдері, қаламдас ақын-жазушылардың шығармашылық әлемі хақында да үзбей қалам тербеп жүр. Оның көркем очерктері, эсселері, көкейкесті мәселелерді қозғаған толғаныстары еліміз баспаларынан жарық көрген жетпісіне жуық жинақтарға енген. Өзі де онға тарта кітаптар құрастырып шығарды. Ол 2010 жылдың 3-25 қараша аралығында Сауд Арабиясында болып, мұсылмандық парызын өтеді. Осы қажылық сапарының ісері туралы «Әлем көз тіккен Мекке» сафари-хикаятын жазды – («Жұлдыз» журналы, №№10-11.2011 ж.).
Жанат Елшібек өзі туып-өскен "Алматы облысының" және “Қаратал ауданының құрметті азаматы”, "Қазақстанның құрметті журналиі", "ҚР Мәдениет қайраткері", Кемел Тоқаев атындағы журналистік сыйлықтың иегері.
Сондай-ақ, ол "Құрмет" орденімен, Тәуелсіздік және Астанаға — 10 жыл мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Баспасөз министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.